Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын құрамда келіссөз жүргізді

19-04-2024, 20:03 Мадина Айдарова

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан Президентін Ақордада салтанатты түрде қарсы алды.

Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.

– Бүгін біз Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан Президентіне және барша қырғыз халқына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.

– Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды.

– Өзара мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналды. Жастар арасындағы ықпалдастық күшейді. Білім беру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін өзіңізбен бірге Астанада әйгілі Манасқа ескерткіш ашамыз. Осының бәрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біз оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға Қырғызстан Президентінің қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

– Қазақстан біздің ең жақын көршіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді. Өзара ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.

Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібін қарастырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив