Қорғаныс министрінің орынбасары Солтүстік Қазақстан облысында сарбаздармен кездесті
Өңірде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатқан орындарға барып, әскери қызметшілермен әңгімелесті.
Қажырлы еңбектері үшін әскерилерге алғыс айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қарулы күштер Солтүстік Қазақстан өңіріне көмекке 700-ден астам жауынгерді жіберді. Әскери қызметшілер құм салынған қаптарды дайындап, жинауда, қорғаныш үйінділер салып, су тасқыны болуы мүмкін аудандарда бөгеттерді нығайту үстінде.
Жеке құрам басқа да бірқатар міндеттерді орындап жатыр. Әскери қызметшілер құтқарушыларға жергілікті тұрғындарды эвакуациялауға көмектесіп, елді мекендерді қоршауда. Сондай-ақ келіп жатқан гуманитарлық көмекті қажетті орынға жайғастыруда. Әскери мамандар сонымен қатар су деңгейін бақылап, жергілікті ұйымдарға халықты ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге де білек сыбана атсалысып жатыр.