«Тазалық мәдениеті»: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Абай облысының Мақаншы ауданында жалғасуда
Жалпы аудандық сенбілік Мақаншы ауданының «Айдынды-Алакөл» жағалауында өтті.
Акцияға 11 ауылдық округтен және ауданның барлық мекемелерінен 500-ден астам адам қатысып, 28 гектар аумақты тазартты. Нәтижесінде жалпы 40 тонна қоқыс шығарылды, шамамен 5000 метрге жуық қоршаулар боялып, әктелді.
Алдағы Айдынды-Алакөл жағалауындағы туристік маусымға толық дайын болу үшін сенбіліктер мамыр айында да жалғасады.
Осындай сенбілік шараларымен қатар, аудандық коммуналдық мекемелердің қызметкерлері жыл бойы Алакөл көлінің жағасында да тазалық жұмыстарын жүргізеді.
Акцияға қатысқан еңбек ардагері Нағима Жақиянова, жалпы аудандық сенбіліктен тыс қалмауға шешім қабылдаған. Ол өз кезегінде бірлескен жұмыс халықты біріктіріп қана қоймай, тазалық жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Шараға белсенді қатысқан мәдениет қайраткері Айжарық Әбілқасымов мәдениет тұтастай алғанда тазалықтан басталатынын атап өтті.
Қоршаған ортаны тазартуға және көгалдандыруға ынталы қатысқан жергілікті балалар мен жасөспірімдердің белсенділігі жоғары болды. Қатысушылар аудан тазалығына үлес қосып, әрі отбасы мен жақындарымен таза ауада тиімді уақыт өткізді.