Қазақстан Азия және Тынық мұхиты үшін БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 80-ші сессиясына қатысты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Азия және Тынық мұхиты үшін БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) 80-ші сессиясына қатысты. Таиланд астанасында өтіп жатқан сессияның негізгі тақырыбы – «Азия-Тынық мұхиты өңірінде тұрақты даму мақсатында цифрлық инновацияларды пайдалану».
Іс-шараға Азия-Тынық мұхиты өңірі мемлекеттерінің өкілдері, халықаралық ұйымдардың басшылары және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.
Өз сөзінде ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Азия және Тынық мұхиты елдері әлемдік экономиканың жаңа өсу орталығына және технологиялық прогрестің қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда ол ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жаңа экономикалық саясатында инновациялар мен цифрлық технологияларды дамыту басым орын алатынын мәлімдеді.
Қазақстан финтех саласын дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кіреді және бұның нақты үлгісі – «Астана» халықаралық қаржы орталығы. Еліміз электрондық үкімет қызметтерін ұсыну бойынша әлемде 28-ші және онлайн қызметтердің сапасы бойынша 8-ші орында.
М.Нұртілеу АТМЭӘК-ке мүше мемлекеттерді Орталық Азиядағы IT саласындағы ең ірі стартап-паркі – Astana Hub-пен өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды. Қазіргі уақытта Қазақстанда Google, Microsoft, Huawei және басқа да көптеген компанияларды қоса алғанда, 900-ден астам компания табысты жұмыс істеуде.
Цифрлық шешімдер көліктік өзара байланысты дамытуда маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, қазақстандық дипломат өңір елдері арасындағы үйлестіруді күшейтуге және транзит секторындағы бірыңғай ережелер мен стандарттар туралы АТМЭӘК-тің жаңа конвенциясын қабылдауға шақырды.
Сессияға қатысу аясында Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – АТМЭӘК Атқарушы хатшысы Армида Алисджабанамен келіссөздер өткізді.
Тараптар Қазақстанның 2024 жылғы қыркүйекте Астанада Цифрлық технологиялар бойынша министрлік конференциясын өткізу және Алматыда АТМЭӘК Цифрлық шешімдер орталығын құру жөніндегі бірлескен бастамаларды талқылады. Қазақстан бастапқы кезеңде 20-дан астам нақты цифрлық шешімдерді Комиссияға мүше мемлекеттермен бөлісуге дайын.
Сессия аясында ҚР СІМ басшысы БҰҰ-ның Теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің, ең аз дамыған елдердің және шағын аралдық дамушы мемлекеттердің мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Фатима Рабабпен келіссөздер өткізді. Тараптар БҰҰ-ның Теңізге шыға алмайтын елдер мәселелері жөніндегі үшінші конференциясына дайындық барысын талқылады.
АТМЭӘК іс-шарасы аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Цифрлық кеңейту: тұрақты даму мақсаттарын іске асыру үшін инновациялар» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды.
АТМЭӘК – географиялық қамту және халық саны жағынан БҰҰ-ның өңірлік комиссияларының ішіндегі ең ірісі. Комиссияның негізгі бағыттарына қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, инвестициялық ынтымақтастық, сауда, энергетика және көлік мәселелері кіреді.