Елордада жаңа тарихи кітаптар таныстырылды
Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, ғалым, профессор Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және қырғыз тілінде басылған «Ташқа жазылған тарых» атты кітаптары көпшілікке таныстырылды. Іс-шараға ғалымдар, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері және Парламент депутаттары қатысты.
Өз сөзінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңадан жарық көрген еңбектер ұлттық бірегейлікті сақтау жолында тарихи маңызға ие екенін айтты. Сондай-ақ ол аталған кітаптар туған халқының кемел келешегі үшін қызмет еткен көрнекті тұлғалардың өмірі мен мұрасын дәріптеуге зор үлес қосатынына назар аударды. Нақты тарихи деректер мен архив материалдары қамтылған туындылар оқырман қауымға ұлт үшін басын бәйгеге тіккен саяси қайраткерлердің өміріне қатысты тың мәліметтер ұсынады.
Сонымен қатар Палата Спикері елдің өткені, бүгіні және болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. Сондықтан ұлт шежіресін жүйелі зерттеп, зерделеудің маңызы зор. Мемлекет басшысының тарихи сананы жаңғырту және тарихты дәріптеу бағытындағы тапсырмасына сәйкес Сенат бұл салаға баса мән беріп келеді.
Сондай-ақ іс-шара барысында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар және журналистер сөз сөйлеп, жаңа еңбектердің мәні мен маңызы туралы ой өрбітті.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)