«Birgemiz: Asyl мura» Семей төрінде бас қосты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар белсенділігін нығайту тұрғысында сөйлеген сөзінде «Еріктілер ұйымдарына жүйелі қолдау көрсетіп, оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажет. Атқарылған игілікті істер бір жылмен ғана шектеліп қалмауға тиіс. Жақсы іс әрдайым жалғасын табуы керек. Осы орайда, еріктілікті дамытудың жолкартасын әзірлеу маңызды. Сондай-ақ, еріктілерді даярлауға арналған бағдарлама қажет. Еріктілер қызметін ұйымдастырудың басты талаптары мен ұстанымдарын айқындап алған жөн» деп атап көрсеткен еді. Президенттің осы үндеуін ілгерілету мақсатында «Даналық» Қоғамдық қоры ақпараттық-танымдық, қоғамдық және ғылыми бағыттарда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Соның бір жарқын мысалы ретінде Семей қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау жөніндегі «Birgemiz: Asyl мura» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында «Даналық» қоғамдық қоры мен Әлихан Бөкейхан Университеті бірлесіп ұйымдастырған «Мәдени мұралар-халық қазынасы» республикалық форумының жоғары деңгейде өткендігін айтуға болады.
Тарихи танымдық мәні зор форумға республикамыздың барлық өңірлеріндегі тарихи-өлкетану мұражайларының басшылары, әр өңірдегі мәдени ескерткіштерге қарасты бейінді ұйымдар мен мәдени ескерткіштерге жауапты мекемелердің басшылары шақырылды. Жалпы 14 өңірден мұражай қызметкерлері келіп, қалған өңірлер онлайн форматта қосылды.
Бұл ауқымды шараның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени ескерткіштер мен мемориалды кешендердің қазіргі жағдайы мен оларды қалпына келтіру мәселелерін пысықтау, тарихи мұраларды жастар арасында кеңінен насихаттап, оны сақтау жұмыстарына ерікті жастарды тарту, азаматтық қоғам өкілдерімен сұхбаттасуды жүзеге асырумен ерекшеленді.
Республикалық форум жұмысында мәдени ескерткіштердің қазіргі жағдайы мен оларды қалпына келтіру, қорғау және оның тарихи маңызын таныту жұмыстарына волонтерлерді тарту бойынша талқылау жүргізу жайы талқыланды. Мәдени ескерткіштердің сақталуына жауапты мекемелермен, бейінді ұйымдармен және басқа да стэйкхолдерлермен меморандум жасау да назарға алынды.
Форумның пленарлық мәжілісіне қатысқан спикерлер жоба аясында жүзеге асырылатын деректі фильмдер кешені мен энциклопедия шығару, ескерткіштерге QR-код орнату, 3D форматта көрмелері бар бірегей электронды портал әзірлеу шараларларының маңыздылығын атап өтті. Мұражайларды цифрализациялау мақсатында алдағы уақытта тарихи деректерге негізделген мұраларды сақтау және халық арасында кеңінен насихаттауға ат салысатындықтарын жеткізді. Маңызы айырықша шараның келесі күні қатысушылардың киелі Абай жеріне, руханият әлеміне сапарымен жалғасты.