Үкіметте «Қарызсыз қоғам» жобасының іске асырылу барысы талқыланды
Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру барысы талқыланды.
Аталмыш жоба былтыр мамыр айында Қазақстанның 8 өңірінде басталды. Ол азаматтарға білікті қаржылық және құқықтық көмек көрсетуді, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды, азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдесуді көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Қазіргі таңда жоба барлық облыстарда, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда. Жұмысқа 11 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы қосылды.
«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері 43 мыңнан астам адам оқудан өткен. Олардың 81%-ы ауылдар мен ауылдық округтердің тұрғындары. Жобаға қатысушылар сарапшылардың дәрістерінен бөлек enbek.kz порталында тіркелу мен жеке кәсіпкерді ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін құру бойынша кеңестер алуда.
«Біз қазақстандықтар арасындағы проблемалық несиелердің үлесін азайтуға әрі халықтың қарызға белшеден батуына жол бермеуге тырысамыз. Бұл ең маңызды әлеуметтік мәселе және осы ретте партия шетте қала алмайды. Қазір біз оның салдарымен күресіп жатырмыз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектептерде, колледждерде және ЖОО-да оқыту қажет деп санаймыз. Осылайша, қоғамдағы қаржылық мәдениет деңгейінің үлесін айтарлықтай арттыра аламыз», — деп атап өтті өз сөзінде Эльдар Жұмағазиев.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов «Қарызсыз қоғам» жобасына азаматтарды көбірек тарту үшін жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың назарын жергілікті жерлерде ақпараттық жұмысты күшейту қажеттілігіне назар аударды.
Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, қаржылық сауаттылық бойынша әдістеме мен оқу-практикалық материалдарды әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.
«Біз 513 мың адамның арасында сауалнама жүргіздік. Олардың ішінде мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар бар. Білім беру процесіне қатысушылар арасында қаржылық сауаттылықты оқытудың ұйымдастырылуы мен нысаны туралы бірыңғай түсінік жоқ. Мұғалімдердің 80%-ы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында сауаттылықты оқытуға арналған оқулықтар мен әдебиеттердің жоқтығын айтады. Оқушылардың 60%-ы пәнге қызығушылық танытқанымен, оның форматы әрі материалдардың ұсынылуы ұнамайтынын көрсеткен», — деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.
Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев мұғалімдерге қаржылық сауаттылық бойынша да сабақ беру үшін біліктілікті арттыру курстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, «Narxoz» университетінде биылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қаржылық сауаттылық» курсы әзірленген. Жыл сайын шамамен 100 мың студент қамтылады, олардың басым бөлігін бірінші курс студенттері құрайды.
Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров халық арасында «Қарызсыз қоғам» туралы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
«Жобаның пайдасын бәрі түсінеді. Оны сапалы жүзеге асыру – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Барлық жауапты ведомстволар оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу мен жобаны насихаттауға белсенді қатысуы керек. Сондай-ақ ауылдардың, шағын және моноқалалардың тұрғындарын кәсіпкерлік қызметке тарту үшін қолдау көрсету құралдарын кеңейту қажет. Бұл үшін қажетті ресурстар бар», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Нұрлан Байбазаров орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жобаны іске асыру туралы халықты ақпараттандыру жұмысын күшейтуді, жобаға қатысушыларды барынша тарту қажеттігін әрі оқушылар мен студенттер үшін қаржылық сауаттылықты арттыру курсын тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.