Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы мен Франция елшісі денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды талқылады
Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова менФранцияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канестің кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар денсаулық сақтау саласындағы қазақстан-француз ынтымақтастығын күшейту және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды жалғастыру мәселелерін талқылады.
Онкологиялық аурулардың таралуының алдын алу және профилактикасы, оңалту қызметін нығайту, медициналық сақтандыруды дамыту, медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру, цифрлық денсаулық сақтау жобаларын енгізу, сондай-ақ инвестициялық жобаларда бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі іс-шараларды қамтитын бірлескен Жол картасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Денсаулық сақтау министрі француз тарапынан онкологиялық көмекті одан әрі жетілдіру және жаңғырту үшін 1 млн.еуродан астам сомаға инвестициялар тартуға көмекті жоғары бағалады. Бұл инвестициялар диагностика мен емдеудің жаңа заманауи әдістерін енгізуге бағытталатын болады, бұл елдегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға ықпал ететін және денсаулық сақтаудың сенімді және тұрақты жүйесінің негізі болатын МСАК елдерінің коалициясын құру жөніндегі бастаманы қолдауға шақырды.