Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Қазақ-британ қарым-қатынасының жаңа кезеңі: Астанада стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

24-04-2024, 22:06 Мадина Айдарова

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмеронмен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастарының барлық ауқымын жандандыру шараларын талқылады.

М.Нұртілеу соңғы жылдары әртүрлі салалардағы әріптестіктің үдемелі тереңдеуіне ықпал еткен ведомствоаралық және парламентаралық байланыстардың жоғары серпінін құптады және екі елдің сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі диалогты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады.

Сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылды арттыру мақсатында ҚР СІМ басшысы ынтымақтастықтың институционалдық тетіктерінің, соның ішінде Стратегиялық диалог пен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының жұмысын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Д.Кэмерон Ұлыбританияның Орталық Азиядағы негізгі әріптесі – Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты және Лондонның Астанамен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін растады.

Сыртқы істер министрлігіндегі келіссөздердің маңызды нәтижесі – сыртқы саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестицияны ілгерілету, зияткерлік меншікті қорғау, энергетикалық және шикізаттық әріптестік, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, банктік және қаржылық қызметтер, жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясат, ғылым және білім сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы тарихи келісімге қол қою болды.

Осы орайда М.Нұртілеу атап өткендей, «бұл жан-жақты келісім Астана мен Лондон арасындағы саяси, сауда және инвестициялық қарым-қатынастарды жаңа көкжиектерге шығаруға елеулі көмек болмақ... Біз орнықты және өзара тиімді қазақ-британ стратегиялық әріптестігі жоғарыда көрсетілген салаларда – энергетика мен сирек металдардан бастап экология мен білім саласына дейін одан әрі нығаяды деп сенеміз».

Сапар барысында сондай-ақ денсаулық сақтау және көлік саласында бірқатар екіжақты құжаттар, сондай-ақ Алматыда британдық «Queen’s University Belfast» университетінің филиалын ашу және Оксфордта қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске асыру туралы меморандумдар қабылданды.

Анықтама: Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,2 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 703 млн, импорт – 478,7 млн).

Қазақстанда британдық капиталдың қатысуымен 600-ге жуық компания, бірлескен кәсіпорын мен өкілдік жұмыс атқаруда.

Ұлыбритания Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. 2023 жылы Ұлыбританиядан Қазақстан экономикасына 795 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, жалпы 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш 17 млрд доллардан астам болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив