Сенатта Қазақстан мен Таиландтың парламентаралық ынтымақтастығы мәселелері талқыланды
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Таиланд Парламенті Сенатының Қарулы күштер және мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен кездесу өткізді.
Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде Қазақстан мен Таиланд арасында сенімді саяси диалог орнағанын, берік сауда-экономикалық және мәдени байланыстар қалыптасқанын атап өтті.
Қатысушылар сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің рөлін де талқылады. Бұл алаң 2003 жылдан бастап қазіргі әлемнің өткір мәселелерін шешуде барлық елдердің рухани көшбасшыларының күш-жігерін біріктіру мен дінаралық диалогтың танылған тұғырнамасына айналғаны атап өтілді. Андрей Лукин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына Таиланд өкілдерінің белсенді қатысқаны үшін әріптестеріне алғысын білдірді.
Таиланд Парламенті Сенатының Қарулы күштер және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Бунсранг Ниумпрадит өз кезегінде Қазақстанда жүргізілген саяси реформалардың жоғары деңгейіне тоқталды және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.