Семейлік сарбаздардың тегін оқуға мүмкіндігі бар
Абай облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаменті жас жауынгерлерді салтанатты түрде қарсы алу шарасын ұйымдастырды. Маңғыстаудан Семейге келген пойызды перронда Абай облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің өкілдері, сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен достары қарсы алды.
Ата-аналар сарбаздарды әскери оркестр әуенінің сүйемелдеуімен қарсы алып, темір жол бойы нағыз мерекелік алаңға айналды. Бұл күні еліміздің батысында мерзімді әскери борышын өтеп келген 30 сарбазды қарсы алды. Әскерден келген сарбаз Дарын Жұбатхановтың 85 жастағы әжесі Клара Жұбатханова өзінің шынайы қуанышымен бөлісті.
Теміржол бойындағы осы сәтке куә болғандардың бәрі қуанды. Азаматтық борышын абыроймен өтеп оралған сарбаздарға балалар да қызыға қарады. Айта кетейік, Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздардың енді жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндіктері бар.