«Ертіс – достық өзені»: Абай облысында «Мөлдір бұлақ» апталығы өтіп жатыр
Мемлекет басшысының бастамасымен Абай облысы Жаңасемей ауданы Шүлбі кентінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы «Ертіс – достық өзені» акциясынан басталды.
Аудан басшылығы, кент тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық орталықтар, жастар, мектеп түлектері, мекеме қызметкерлері және зиялы қауымның қатысуымен кент көшелері мен Ертіс өзенінің жағасында сенбілік өтті.
Шүлбі кенті ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бейсен Лепсібаев жиналғандарға алғысын білдіріп, бастама бір реттік акция болмауы тиіс екенін айтты.
Бұл күні акцияға қатысушылар 200-ден астам ағаш көшеттерін отырғызып, орталық көшелер мен Ертіс өзенінің жағалауына экологиялық тазалау жүргізді. Акцияға 300-ден астам адам қатысты. Арнайы техниканың көмегімен 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Мемлекет басшысы ұсынған бастаманы Жаңасемей ауданының жастары Бородулиха ауданының жастарына жолдап, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды.
Облыста барлығы 1 068 су ағындары мен өзендер, 55 көл, сондай-ақ 95 гидротехникалық құрылыстар бар.