Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Үш ірі компания Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға және сатып алуға шамамен 28 млрд теңге бөледі

7-05-2024, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Вице-премьер Қанат Бозымбаев, BI Group холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Верный Капитал» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Дәурен Өтемұратов пен «Қазхром» ТҰК» АҚ (ERG компаниялар тобы) бас директоры Сергей Прокопьев Ақтөбе облысында болды.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өңірде жағдай тұрақтанды, өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді. Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарында және Ақтөбеде жергілікті деңгейде ТЖ режимі әлі де сақталуда.

Барлығы 4600 тұрғын үй апаттан зардап шекті. Бүгінгі таңда 1 мыңнан астам үй мен саяжай тексеріліп, оның 641-і жөндеуге жатпайтыны анықталды.

BI Group холдингі Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында 40-қа жуық үй салуға кірісті. Сондай-ақ компания Ақтөбе қаласында баспанасыз қалғандарға 34 пәтер сатып алады. Жұмысты тамыздың ортасында аяқтау жоспарлануда. Бұл мақсатқа компания 2 млрд теңге бөлді.

«Су тасқыны кезінде апатқа қарсы күреске барлығы 5 млрд теңге бөлдік, оның 2 млрд-ы Ақтөбе облысына бағытталады», — деді Айдын Рахымбаев.

Қобда ауданында қосымша 150 тұрғын үй салуға, сондай-ақ Ақтөбе қаласында және облыс аудандарда 269 пәтер мен үй сатып алуға «Верный Капитал» компаниясының негізін қалаушы Болат Өтемұратовтың жеке қоры демеушілік етпек.

«Жалпы Ақтөбе облысына 11,5 млрд теңге бөлінеді. Өткен аптада Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылында жаңа үйлер сатып алына бастады. Алғашқы бес үй зардап шеккендерге берілді. Осы аптада тағы 15 үйді тапсыру жоспарлануда», — деді Дәурен Өтемұратов.

Өз кезегінде ERG компаниялар тобы өңірге шамамен 15 млрд теңге бөледі. 

«ERG барлық кәсіпорындары су тасқынының салдарын жою үшін қолдан келгенше көмек көрсетеді. Компаниялар тобының акционерлері қалпына келтіру жұмыстары үшін шамамен 40 млрд теңге бөлді. Ақтөбе облысында біздің компаниялар төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап жергілікті атқарушы органдармен белсенді қызмет етуде. Біз техника беріп жатырмыз, сонымен қатар волонтерлеріміз де белсенді көмектесуде», — деді Сергей Прокопьев.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев халықпен кездесу барысында өңірдегі жалпы ахуал, залалды өтеу және тұрғын үйлерді қалпына келтіру туралы айтып берді. 

Атап айтқанда, жалпы сомасы 877 млн теңге болатын 100 АЕК мөлшеріндегі алғашқы біржолғы көмек 2700 отбасына көрсетілді. Жоғалған немесе бүлінген мүлікті өтеу шеңберінде 344 отбасына 600 млн теңге төленді. Қалған зардап шеккендерге қаражат жақын арада толық төленетін болады.

«Су тасқынынан келтірілген залалды жою үшін жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге қарастырылған. Алайда тұрғын үй қорынан басқа 136 шақырым жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруіміз қажет. Елімізге белгілі ірі кәсіпкерлер көмек қолын созды. Біз Ақтөбе облысына үш компанияны бекітеміз. BI Group, «Верный Капитал» және «Қазхром» бірге өңірге тұрғын үй салуға, сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге шамамен 28 млрд теңге бағыттайды. Тұрғын үй салу үшін әкімдік 26 мердігерді анықтады, қазіргі уақытта 63 үйдің құрылысы жүріп жатыр», — деді вице-премьер Қанат Бозымбаев. 

Ырғыз ауданында 54 үй салуға тағы 1,5 млрд теңге «Қазақстан халқына» қорынан бөлінеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив