Қазақстан мен Мажарстан стратегиялық серіктестікті нығайтуда
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтер Қазақстан-Мажарстан саяси консультацияларының кезекті раундын өткізді.
Іс-шараның күн тәртібі сенімді саяси ынтымақтастықты нығайту, өзара сауданы кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, білім беру және т. б. мәселелерді қамтыды.
Тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасында тұрақты саяси диалог қалыптасқанын, қазіргі геосаяси жағдайдың ең өзекті мәселелері бойынша өзара түсіністіктің сақталып отырғанын растады. Түрлі халықаралық платформаларда тараптардың ұлттық мүдделеріне сай келетін бастамаларына өзара қолдау көрсетіледі. Осыған байланысты Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның Астанаға сапары және оның ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі, сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің 2023 жылғы қарашадағы Будапештке сапарының қорытындылары ерекше атап өтілді, бұл екіжақты ынтымақтастықтың барлық кешеніне қуатты серпін бергені сөзсіз.
Сұхбаттастар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты тауар айналымының өсімін қанағаттанушылықпен атап өтті, оның көлемі, қазақстандық статистика бойынша, 2023 жылы 187,6 млн АҚШ долларын құрады (өсім 8,9%).
Осыған байланысты, А. Штифтер Мажарстан тарапының сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға деген ниетін атап өтіп, Қазақстан Мажарстанның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі екенін ерекше атап өтті.
Тараптар басым бірлескен іскерлік жобалардың тізбесін жаңартып, экономиканың нақты секторларында (оның ішінде энергетика, ауыл шаруашылығы, банк ісі) өзара іс-қимылды нығайту туралы келісімге қол жеткізді.
2024 жылдың екінші жартысында ЕО Кеңесіне Мажарстанның алдағы төрағалығын ескере отырып, Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығына баса назар аударылды.
ЕО үшін жауапты сәтте, қазақстандық дипломат Мажарстан тарапына осы маңызды миссияда сәттілік тілеп, алдағы төрағалық Еуроодақ пен Қазақстан сияқты серіктестерінің игілігі үшін лайықты өткізілуіне сенім білдірді.
Сондай-ақ дипломаттар екі ел халқының көп ғасырлық тарихи байланыстарды мен бауырластық қарым-қатынастарды ерекше атап өтті.
Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын талқыланып, Қазақстандықтар үшін жоғары білім беру мүмкіндігін ұсынатын «Stipendium Hungariсum» бағдарламасын тиімді пайдалану, сондай-ақ күзде Астанада өтетін V Көшпенділер ойындарына дайындық барысына шолу жасалды.
Сапар аясында Р. Василенко Мажарстанның халықаралық қатынастар институтының директоры Мартон Шеберлемен де кездесу өткізді.
Көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу болды. Тараптар Қазақстан мен Мажарстанның ғылыми-зерттеу институттары арқылы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.
2005 жылдан бастап Мажарстаннан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 320 млн АҚШ долларын құрады.
Қазақстанда Мажарстанның қатысуымен 29 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер және 41 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Мажарстанның ЖОО-да бір мыңға жуық қазақ жастары білім алады. Осы мақсатта Мажарстан тарапынан жыл сайын 250 грант бөлінеді.