Түлектер 100% жұмыспен қамтылады: ІІМ талапкерлерді оқуға шақырып отыр
ІІМ жүйесінде бакалавриат бағдарламасы бойынша курсанттарды даярлайтын төрт жоғары оқу орны жұмыс істейді.
– Министрліктің жоғары оқу орындарына ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сай келетін, әскери қызметке және оқуға денсаулығы жарамды жастар қабылданады. Оқуға тапсыру үшін маусым айына дейін полиция бөлімдерінің кадр қызметіне, тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне немесе оқу орнының сайтына өтініш қалдыру қажет. Сондай-ақ медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, полиграфта тексеруден өту керек. Ұлттық бірыңғай тестілеуде кемінде 50 балл жинау керек. Математика мен оқу сауаттылығынан кемінде үш балл және басқа пәндер бойынша кемінде бес балл болуы тиіс. Осылардан кейін ғана ІІМ жоғары оқу орнындағы конкурсқа қатыса аласыз, – деді брифингте департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Спикер ІІМ жоғары оқу орындарында оқудың артықшылықтарына да тоқталды.
– Курсанттар мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады. Тегін тамақпен, жатын орнымен қамтамасыз етіледі. Тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Оқу орындарында жаттығу және спорт залдары қарастырылған. Стипендия алады. Оқу мерзімі әскери қызмет өткерумен теңестіріледі. Ең бастысы түлектер 100% жұмыспен қамтылады. Оқу аяқталғаннан кейін “полиция лейтенанты” шені беріледі, – деді Шыңғыс Алекешев.