Өзбекстанда қайтарылған азаматтарды оңалту және реинтеграциялаудағы өзекті мәселелер талқыланды
Бүгін Ташкентте «Бейбітшілік және қауіпсіздік үшін ынтымақтастық» тақырыбында Орталық Азиядағы оңалту және қайта интеграциялау мәселелері бойынша өңірлік сарапшылық кеңестің бірінші отырысы өткізілді.
Іс-шараға БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасы, Орталық Азия елдері делегацияларының басшылары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және өзге де халықаралық және өңірлік ұйымдардың сарапшылары, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегация қатарында мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың басшылылығымен Дін істері комитетінің төраға орынбасары Ануар Хатиев, «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту бойынша Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров, сонымен қатар «AQNIET» ҚҚ мен сарапшылық қауымдастықтың өкілдері бар.
Конференция барысында вице-министр Қанат Ысқақов құттықтау сөз сөйлеп, «Жусан» операциясы барысында қақтығыс аймақтарынан қайтарылған азаматтарды оңалту және реинтеграциялау мәселелеріндегі еліміздің тәжірибесін атап өтті.
«Біздің мемлекетіміздің ашықтық саясатына сәйкес, біз әрқашан жиналған тәжірибе, нәтижелермен бөлісуге, сонымен қатар өзге елдердің тәжірибесін зерттеуге және қолдануға дайынбыз. Аталмыш іс-шара да осының айғағы.
Радикалды діни ағым ұстанушыларын оңалту – ұзақ мерзімді жұмыс екендігін атап өткен жөн. Бұл ретте, психологтар, теологтар, дінтанушылар мен имамдардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талап өте жоғары», – деді вице-министр.
Естеріңізге сала кетейік, «Жусан» гуманитарлық операциясы біздің азаматтарымызды террористік белсенділік аймақтарынан қайтару бойынша 2019 жылы басталған болатын. Операция қорытындысы бойынша қазіргі уақытқа дейін 607 азамат елге оралды, олардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрайды.