Сенат Төрағасының орынбасары Азия әйелдерінің форумына қатысты
ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина «Әйелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріндегі өңірлік тәсіл» атты әйелдердің Азия форумына қатысты.
Шараға қатысушылар Бейжің іс-қимыл тұғырнамасын іске асыру, сондай-ақ әйелдердің қазіргі жаһандық экономика жағдайындағы экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина форумда сөйлеген сөзінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі – гендерлік теңдік, әйелдердің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірге қатысу деңгейін арттыру екенін атап өтті.
Сенат Төрағасының орынбасары сонымен қатар Пекин тұғырнамасы үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның күш-жігерін жұмылдыру арқылы жыныстық кемсітудің барлық түрін жоюға бағытталған қуатты тетікке айналғанын атап өтті. Күш-жігерді біріктіру мен елдер арасындағы әрекеттерді үйлестіру гендерлік теңдік бағдарламасын одан әрі ілгерілетуге елеулі түрде және ұзақ мерзімге оң ықпал ете алады.
ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары сонымен қатар Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, көлік байланысы саласындағы байланыстарды нығайту, инфрақұрылымдық және сауда кедергілерін жою мәселелерін талқылады.
Ольга Перепечина сондай-ақ Қатар Шура Кеңесі Төрағасының орынбасары Хамда бинт Хасан Аль Сулайтимен кездесті. Кездесуге қатысушылар екі елдің парламенттері арасындағы өзара іс-қимылдың келешегін, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жоюдағы өңірлік мәселелерді талқылады.