Абай облысында ауылшаруашылығы саласы бойынша ілгерілеушілік бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығы мен өзекті мәселелері жайында үнемі айтып келеді. Президент өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында аграрлық саланы өркендету жайына тағы да кеңінен тоқталғаны мәлім.
Осы орайда, зерделей сараптасақ, Абай облысында ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, аграрлық саланы дамыту бағытындағы жұмыстарды ширату бағытында ілгерілеушілік бар екендігін баса айтуға болады.
Абай облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша осы саладағы өнімнің жалпы шығарылымы 535,2 млрд. теңгеден асқан. Бұл ауылшаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 103,5% мөлшерінде қалыптасқандығын көрсетеді.
2023 жылдың қорытындысы бойынша салаға 78,5 млрд. теңгеге инвестиция салынған. Яғни, 2022 жылғы деңгейден 38,8 млрд. теңгеге немесе екі есе артық деуге болады. Барлық ет пен сүт өнімдерін алу 102,0% -ға (104,0 мың тонна) және 104,0% -ға (596,4 мың тонна) өскен.
Солтүстік Қазақстан облысының үлгісіндегі төрт бағытқа басымдық берілген.
Президент өткен жылғы жоғарыда айтылған Жолдауында аграрлық саласы алға басқан Солтүстік Қазақстан облысының ет, сүт, астық өндіруде қол жеткізіп отырған жетістіктерін өзге өңірлерге үлгі еткен болатын.
Абай облысы ауылшаруашылығы басшысының орынбасар Мирас Тоқтархановтың айтуынша, ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламалары аясында сүт тауарлы фермасы, құс фабрикасы, суармалы жерлерді ұлғайту, көкөніс сақтайтын кәсіпорындар ашу сияқты төрт бағытты дамыту жоспарланып отыр.
«Ауыл аманатының» оң өзгерістері
Президент тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы қырдағы жұрттың да көкейіндегі ойды тап басқандығы қуантады. Жеңілдетілген несие беруден бөлек, жеке қосалқы шаруашылық иелерінің өзара бірігіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білсе, ауылды жерлердің жаңаша түлеуіне кеңінен жол ашылмақ. Бұған әрине, қажетті жағдай жасалуға тиіс.
Абай облысында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 2,06 млрд. теңге сомасына 363 жеңілдетілген несие берілді. Бұл сома мал шаруашылығы жобаларына жұмсалды.
Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту үшін ағымдағы жылға іс-шаралар барысы да назарда. Нақтылап айтсақ, жалпы сипаттағы жеткізілген трансферттер шеңберінде АӨК-ні 17,5 млрд. теңге субсидиялау, 6 млрд. теңге көлемінде макронесиелер беру (ағымдағы жылы осы бағдарлама бойынша суармалы егіншілікті (жемшөп өндірісі) ұлғайту үшін заманауи су үнемдеу технологияларын яғни, жаңбырлату, тамшылатып суару тәсілдерін пайдалана отырып жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
Ал, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 1,1 млрд. теңге сомасында одан әрі шағын несиелеу бағытталатын болады. Сол негізде 280 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік қарастырылған.