ШЫҰ: Қазақстан ШЫҰ аясында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жатыр
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері онлайн-форматта жиырма бірінші кеңесін өткізді.
Отырысты ашқан модератор, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева белсенді мәдени-гуманитарлық байланыстар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың мызғымас негізі болып қала беретінін атап өтті.
Осыған байланысты мәдениет күндері, ауқымды форумдар мен көрмелер үнемі өткізіледі және бірлескен ғылыми-тарихи зерттеулер мен тағы басқа іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Қазақстанның мәдени саясатын жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдануда: Қазақстан Республикасының 2023 – 2029 жылдарға арналған мәдени саясатының тұжырымдамасы бекітілді, жылжымалы көрмелер, археологиялық зерттеулер ұйымдастырылып, ескерткіштер мен мәдени мұра объектілері қалпына келтіріледі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Хан Сохайл мырза ШЫҰ қатысушыларын ортақ мәдени мұра, этномәдени байланыс, тату көршілік қатынастарды қоса алғанда, байланыстыратын ортақ дүние көп екенін атап өтті.
«Қазақстан ШЫҰ аясында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жатыр. Қазақстан төрағалығымен 2023-2024 жылдардағы іс - шаралар жоспары белсенді іске асуда, жалпы 20-ға жуық іс-шара өткізілетін болады», – деді Хан Сохайл.
Үндістан, Иран, Қытай, Пәкістан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусьтен келген ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдері өз елдерінде мәдениеттің дамуы, ШЫҰ аясындағы өзара мәдени байланыстың маңыздылығы және ұйым беретін мүмкіндіктер туралы сөз қозғады. Сонымен қатар материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселесі қозғалды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің 2025 жылғы келесі кеңесі ҚХР-да өтеді.