Қазақстан мен Латвия көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр
Көлік министрі Марат Қарабаев латвиялық әріптесі Каспарс Бришкенспен кездесті
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Латвиядағы көлік саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы пікір алмасып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту туралы Меморандумға қол қойды.
Министрдің айтуынша, бүгінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының атқарып отырған рөлі ерекше. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүктерді тасымалдау көлемінің екі есе артуы осының бірден-бір дәлелі.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Латвия Австрия, Германия, Литва, Эстония және Венгриямен бірге ТМТМ-ге кіруге қызығушылық танытып отыр. Осы ретте халықаралық көлік бағытының халықаралық қауымдастығы шеңберінде Әзербайжан, Грузия және Түркиямен 2027 жылға дейінгі Жол картасына қол қойылды. Ресми сапар аясында осы жылдың 31 қаңтарында Румыниямен де меморандумға қол қойылған болатын.
Сөз кезегінде бейінді министрліктің басшысы латвиялық инвесторларды инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырды.
Сапар аясында қазақстандық делегация салынып жатқан Rail Baltica объектісіне мен Рига портына барды. Сонымен бірге жұмыс сапары аясында Марат Қарабаев Қазақстан-Латвия бизнес-форумында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы баяндама жасап, Рига порты басқармасының басшылығымен және жергілікті бизнес өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.