Сенатта денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесі талқыланды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесті. Жүздесуге қатысушылар азаматтардың денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, сондай-ақ азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі мәселелерін талқылады.
Нұртөре Жүсіп еліміздегі денсаулық сақтау мәселесіне сенаторлар ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Олардың қатарында медициналық қызметтердің сапасы мен уақытында көрсету проблемасы, дәрілік препараттардың жетіспеушілігі және жаңа тұрпаттағы білікті медицина қызметкерлерін даярлау мәселелері бар.
Ақмарал Әлназарова өз кезегінде денсаулық сақтау министрлігінде жүзеге асып жатқан сапалы медициналық көмекке жағдай жасауға бағытталған жұмыстар туралы айтып берді. Олардың қатарында фармацевтика саласындағы ғылыми әлеуетті дамыту, медициналық қызметтердің сапасы мен жеделдігін жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық базаны тұрақты жақсартуды көздейтін ауқымды істер бар.