Cемей-6°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Қытайдың Сыртқы істер министрі Қазақстанға ресми сапармен келді

20-05-2024, 18:48 Мадина Айдарова

Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер өткізді.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақ-қытай ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.

Министрлер елдер арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог дамуының оң динамикасын атап өтті. Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесулері, сондай-ақ ҚР СІМ басшысының жақында Бейжіңге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Алдағы аса жоғары және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі қаралды.

«Қазақстан Қытаймен тату көршілікті, достықты және мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға басымдық береді. Бұл халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне толық сай келеді, сондай-ақ өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа септігін тигізеді», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Көшбасшыларымыздың жеке байланыстары мемлекетаралық қатынастарды үздіксіз дамуының локомотиві деп толықтырды ҚР СІМ басшысы.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және транзиттік-көліктік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға және Қазақстаннан Қытайға шикізаттық емес экспортты арттыруға ерекше назар аударды.

ҚХР – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық серіктесі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 30%-ға өсіп, 41 млрд долларға жетті. Қытай сонымен қатар Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді, тартылған қытай капиталының жалпы көлемі 24 млрд доллардан асты.

Мұнай-газ, химия, металлургия, агроөнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларда құны 7 млрд доллардан асатын ондаған ірі басым жобалар жүзеге асырылды.

Келіссөздердің негізгі мәселелерінің бірі ауыл шаруашылығы саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнату болды. Осыған байланысты қазақстандық тарап ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен терең өңдеу саласында өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін қытай бизнесіне қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Сұхбаттастар сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және көпжақты құрылымдар, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия-Қытай» форматы шеңберінде тығыз үйлестіру мен өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.

«Қазақстан – Қытай үшін маңызды көрші әрі басым серіктес. Біз қазақстандық тараппен стратегиялық үйлестіруді және тығыз байланыстарды одан әрі нығайтуға дайынбыз», – деп атап өтті ҚХР СІМ басшысы.

Қазақстан мен Қытай СІМ басшылары мемлекеттер арасындағы берік және ұзақ мерзімді қарым-қатынастарының негізі дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстар екенін атап өтті. Өзара визасыз режим және жалғасып жатқан «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» іскерлік және адами байланыстарды жандандыруға және нығайтуға, сондай-ақ туристік ағымның өзара өсуіне үлкен серпін берді.

Тараптар қазақ-қытай қарым-қатынастарының векторы шынайы тату көршілік пен өзара сыйластық рухында қарқынды даму көрсетіп отырғанын атап өтті, сондай-ақ екі ел халықтарының мүдделері үшін нәтижелі және тығыз жұмысты жалғастыру үшін барынша күш-жігерін салуға дайын екенін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті шеңберінде ауыл шаруашылығы және инновациялар саласында жаңа шағын комитеттер құру туралы хаттамаға қол қойды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив