Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері әлеуметтік саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Ыстамбұлда Түркі мемлекеттері ұйымына (бұдан әрі – ТМҰ) қатысушы елдердің әлеуметтік саясат министрлерінің алғашқы кездесуі өтті, оған Қазақстаннан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова қатысты.
Кездесу Халықаралық отбасы күніне орайластырылып, «Жаһанданған әлемнің тәуекелдеріне қарсы тұру: Біздің отбасымыз – біздің болашағымыз» тақырыбында өтті.
Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан, сондай-ақ бақылаушы елдер – Түрікменстан, Венгрия мен Солтүстік Кипрден ТМҰ-ға қатысушы елдердің бірінші басшылары мен министрлердің орынбасарлары қатысты.
Делегация басшыларын Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады. Ол кездесуге қатысушыларды әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың басталуымен құттықтап, бірлескен жұмыста табыс тіледі.
Іс-шара барысында ТМҰ-ға қатысушы елдердің орталық мемлекеттік органдарының әлеуметтік саясат мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Назгүл Сағындықова өз сөзінде әріптестерін Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар етіп, түркі интеграциясы тарихында әлеуметтік саясат бойынша ынтымақтастық жаңа белес болатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ елдерінің отбасы істері және әлеуметтік саясат министрлерінің бірінші кездесуінің бірлескен декларациясына қол қойылды әрі ТМҰ Хатшылығы жанынан тұрақты жұмыс істейтін әлеуметтік саясат жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Ынтымақтастық шеңберінде бірлескен зерттеулер жүргізу және келесідей бағыттар бойынша тәжірибе алмасу жоспарлануда: халықтың әл-ауқатын арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сондай-ақ отбасы институтын нығайту.
Әлеуметтік саясат мәселелері бойынша сындарлы ынтымақтастық бауырлас түркі халықтарының орнықты дамуына, «Түркі әлемі – 2040» көзқарасын іске асыруға және ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы интеграцияны нығайтуға ықпал ететін болады.
ТМҰ-ға қатысушы елдердің әлеуметтік саясат министрлерінің екінші кездесуін 2025 жылы Әзербайжанда өткізу жоспарлануда.