Туризм және спорт министрі: Оқушыларды спорттық іс-шараларға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде
Балалардың демалысы мен бос уақытын сапалы ұйымдастыру мақсатында туризм және спорт министрлігі іс-шаралар кешенін қарастырды. Ол балалар мен жасөспірімдердің спорттық әлеуетін дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баяндады.
Атап айтқанда, жазда президенттік тесттер өтеді. Сондай-ақ футболдан және шағын футболдан әуесқой командалар арасында ел чемпионаттары өткізіледі, оған 7 жас санатындағы 2 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысады.
«Мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы да жазғы демалыс кезінде жұмысын тоқтатпайды. Бағдарлама аясында 240 мыңнан астам бала 7 мың спорт секциясына тегін қатысады. Бұдан бөлек, "Бурабай-2024" республикалық жартас фестивалі аясында балалар маршруттары ұйымдастырылады. Сондай-ақ 300 бала мен жасөспірімнің қатысуымен "ULY DALA JARYSY" кедергілерді еңсеру жарысы өтеді», — деп атап өтті ведомство басшысы.
Республиканың барлық өңірлерінде балаларды қорғау күні мен спорт күніне арналған халық арасында 500-ден астам дене шынықтыру-бұқаралық және сауықтыру іс-шаралары өтеді. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептер арасында жыл сайын спорттың 10 түрі бойынша ұлттық мектеп спорт лигаларының республикалық кезеңі өткізіледі.
Осыған байланысты, оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқушыларды спорттық іс-шараларға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануға ынтасын арттыру мақсатында іс-шаралар өткізілетін болады. Мәселен, жазда өңірлерде «Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындарының облыстық іріктеу жарыстары жалғасады.
Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалып отырған жоқ. Асық ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату және қазақ күресі сияқты спорт түрлерінен чемпионаттар мен турнирлер өткізіледі.
Бүгінде балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту және олардың саяхатына қатысты жобаларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып белгіленген. Осыған орай балалар лагерлеріне түгендеу жүргізу нәтижесінде объектілердің каталогы жасалды.
Жұмыс істеп тұрған балалар демалыс базаларының бір бөлігі кеңестік кезеңде салынған, көбісі ғимараттарды пайдалану мерзімінен асып кеткен және күрделі жөндеуді қажет етеді. Алайда, көптеген кәсіпкерлер үшін осы салаға инвестиция тарту бизнестің маусымдылығына байланысты тиімсіз болып қала береді. Сондықтан инвестициялық белсенділікті ынталандыру үшін құрылыс шығындарының 10%-на дейін өтемақы алу және туристік автобустарды сатып алу шығындарының 25%-ын өтеу мүмкіндігін болдырмайтын мемлекеттік шаралар енгізілді.
Балаларға бағытталған мемлекеттік қолдаудың тағы бір шарасы – «Кидс гоу фри» бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы соңғы екі жылда 3,5 мыңнан астам бала тегін әуе саяхатын пайдаланыпты. Биыл да аталған бағдарлама аясында 3 мың баланы қамту жоспарланған. Сонымен қатар «Жанды сабақтар» жобасы да сәтті жүзеге асырылуда. Жоба аясында экскурсиялық сабақтар ұйымдастырылды, онда балалар практикалық білім алып қана қоймай, кәсіпорындар мен зауыттарды аралады.