Токиода сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Нәзира Нұрбаеваның Жапонияға жұмыс сапары аясында жапондық корпорациялар басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шара аясында жапондық бизнеске Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Іс-шараға Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Сабр Есімбеков, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Жапония комитетінің тең төрағасы, Marubeni корпорациясының атқарушы вице-президенті Акира Теракава, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ сыртқы өкілі Даулет Сактанов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жобалар департаментінің директоры Бауыржан Айтқұлов, сондай-ақ «Mitsubishi Corporation», «Sumitomo Corporation», «Itochu», «Toyota Tsusho», «Sojitsu», «Nissin», «Inpex», «Mitsubishi UFG» және «Japan Tobacco» сияқты ірі компаниялардың басшылары қатысты.
Н.Нұрбаева өз сөзінде жапондық іскер топ өкілдерін инвесторларды қолдаудың жаңа құралдарымен таныстырды, сондай-ақ оларды Қазақстандағы инвестициялық қызметті кеңейтуге шақырды.
Министрдің орынбасары кооперацияны кеңейтудің негізгі бағыттары машина жасау, тау-кен металлургия кешені, химия өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешені екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Акира Теракава жапондық компаниялардың Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға жоғары қызығушылығын атап өтті. Ол Қазақстан мен Жапония арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюы бизнес пен инновация үшін жаңа мүмкіндіктер ашуына ықпал етеді деп сенім білдірді.
Дөңгелек үстел соңында министрдің орынбасары бірқатар жапондық компаниялармен екіжақты кездесулер өткізіп, онда ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары мен инвестициялық жобалар талқыланды.