Қазақстан мен Әзербайжан әскери қызметшілері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасты
Астанаға Әзербайжан Қарулы күштері Әскери полиция бастығының орынбасары полковник Мирхамид Нагиев бастаған әскери делегация сапармен келді.
Шетелдік делегация Ақмола өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасы жеке құрамының күнделікті тіршілік әрекетімен, ондағы кинологиялық қызметтің ұйымдастырылуымен танысты. Меймандарға құқық қорғау органдарының жабдықтары мен әскери техникасы көрсетілді.
Әзербайжан қорғаныс ведомствосының өкілдері әскери полиция мамандарын дайындау орталығында болып, материалдық-техникалық жарақтандырылуымен және оқу бағдарламасымен танысты.
Әскери полиция қызметкерлері әскери қызметтің қауіпсіздігін, алдын алу іс-шараларын және әскерлер қызметін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасты. Кездесу соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті.
Сапар бағдарламасы аясында меймандар Мемлекеттік әскери-тарихи музейде, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде және елорданың басқа да бірегей нысандарында болды.