Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
478.93 534.96 5.16

Өнегелі ғұмыр иесі Советқазы Қайсанов алпыстың асқарында

28-05-2024, 11:23 SHAKARIM UNIVERSITY

ShakarimUniversity«Автоматтандыру, ақпараттық технологиялар және қала құрылысы» кафедрасының аға оқытушысы, Чернобыль ардагері Қайсанов Советқазы Бекенұлының 60 жылдық мерейтойына арналған кездесу кешін өткізді. Мерейтой иесі жоғары оқу орнында 30 жылға жуық уақытта қызмет атқарып, білім және ғылым саласына елеулі үлес қосып келеді. Шәкәрім университетінің 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Ұстаздың 60 жас мерейтойы ерекше маңызға ие. Жиында білім беру ісіне сіңірген көпжылдық еңбегі үшін Shakarim University ректоры Думан Орынбековтың құттықтау адресаты табыс етілді.

Ұстаз-ғалым 1964 жылы 26 мамырда Жарма ауданы Ақдыңгек ауылында дүниеге келеді. Абай атындағы Алматы мемлекеттік (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) университетінің «Математика және информатика» мамандығын тәмамдады.

Советқазы Қайсанов 1988 жылы Украинада болған Чернобыль атом электр станциясында болған апаттың салдарын жоюға қатысты. Бүгінде оқытушы қоғамдық өмірге белсенді қатысады, басқа ардагерлермен кездесулер өткізеді және «Чернобыль мүгедектерінің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып табылады. Ол үшін ардагерлерге көмектесу өте маңызды. Өмірлік ұстанымы өзара көмекке, құрметке және адалдыққа негізделген.

Соның дәлелі ретінде мерейтойлық кездесуде Абай облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев пен Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ, облыстық кәсіподақ ұйымы мен облыстық ардагерлер кеңесінің марапаттары берілді. 

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады», – дейтін халық мақалында қаншама ой, тәлім-тәрбие, ұлағат жатыр. Адам болып өмірге келген әр пенденің тамырын тереңге тартып, қанатын кеңге жайғызар ұрпағы екені ақиқат. Бүгінгі таңда Советқазы Аға – өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері. Оқытушының жарқын сәттері Шәкәрім университетімен тығыз байланысты. Жары Гүлжан Шаяхметқызы бұрынғы Семей педагогикалық институтының түлегі, білім саласында жоғары кәсіби маман. Балалары да отбасылық дәстүрді ұстанып, Шәкәрім университетін бітірген болатын. Осы тұста бұл жанұядан отбасындағы тәрбиелік құндылықтарының маңыздылығын аңғаруға болады. Ұстаздар отбасы ұрпақтар сабақтастығы мен тәрбие құндылықтарын таратуды басты міндеті деп санайды. Олар өз істеріне аса жауапкершілікпен, ізденіспен қарап, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген кең жүректі білікті мамандар.

Алпыстың асқаралы шыңына шыққан кең жүректі Советқазы Бекенұлының өзіне тән ұстаздық болмысы, терең білімі, байыпты көзқарасы және құнды тәжірибесі әрбір шәкіртіне теңдессіз тағылым. Мерейтой иесіне қажымас қайрат, баянды ғұмыр, ортаймас бақ-ырыс тілейміз!

Жансая Төлеуғазы

Shakarim University

Медиа орталық басшысы

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив