Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция көлемі 11 есе өсті
2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында елімізде жиһаз өнеркәсібі саласына 1 173,4 млн теңге инвестиция тартылды. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 11 есеге көп, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
«QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының хабарлауынша, аталған секторға инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Осы жылдың алғашқы үш айында өңірдің жиһаз өнеркәсібі саласына 645,1 млн теңге немесе жалпы елдік деңгейдің 55% тартылған. Мұндай жоғары өсім нәтижесі орындықтар мен отыруға арналған басқа да жиһаздар өндірісіне инвестициялар көлемінің артуына (645,1 млн теңге) байланысты мүмкін болып отыр.