Сенатта кедендік әкімшілендіру мәселесі және оны шешу жолдары қаралды
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Кедендік әкімшілендірудің проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов отырысты аша келіп, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мемлекеттік шекара арқылы өтетін тауарларды неғұрлым тиімді бақылауға, кедендік баж бен салық алымдарын жақсартуға, кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға, елдер арасындағы сауда қатынастарына деген сенім деңгейін арттыруға, сондай-ақ еліміздің экономикалық өркендеуіне ықпал ететінін атап өтті.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі өз кезегінде кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жұмыстары туралы айтып берді. Қазіргі кезде Қытай, Өзбекстан және Түрікменстан шекарасындағы өткізу бекеттерін толықтай жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өткізу қабілетін 6 есеге арттыруға, уақытты 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқартуға және сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайтуға мүмкіндік береді. Шекарада топталып қалуды болдырмау үшін электрондық кезек жүйесі әзірленді және енгізілді. Оны қолданғанда шекара маңындағы аудандарда әлеуметтік және криминогендік жағдай жақсара түседі, республикалық маңызы бар жолдар бойында көліктің шоғырланып қалуын болдырмауға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел отырысына Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның, ұлттық экономика, көлік, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП, Қазақстандық кеден брокерлері қауымдастығының, сондай-ақ Ұлттық экспедиторлар қауымдастығы мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясының өкілдері қатысты.