Абай облысы «Juldyzai-24» XIX республикалық балалар шығармашылығы фестивалінде жүлделі орынға ие болды
Республикалық турнирде жеңімпаз атанған 29 бала Гала концертте өнер көрсетті.
1-орын алған «Непоседы» вокалдық тобы мен «Сұлу саз» фольклорлық ансамблі халық дауысына ұсынылды. Нәтижесінде еліміз бойынша Абай облысы жүлделі үшінші орын иеленді. Бұған дейін өткен республикалық турнирде Вокал номинациясы бойынша №3 арнайы мектеп-интернатының «Непоседы» вокалдық тобы «Танцуй со мной» әнімен және Аспаптық орындау – ұжым номинациясы бойынша «Балбырауын» күйімен «Сұлу саз» фольклорлық ансамблі жүлделі І орындарға ие болды.
Вокал-соло номинациясы бойынша «Уақыт» әнімен №3 арнайы мектеп - интернаты оқушысы Даулет Сымағұлұлы ІІІ орын алса, Хореография – ұжым номинациясы бойынша Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығы хореографиялық дуэті «Пеппи длинный чулок» биімен ІІ орын және №4 арнайы мектеп-интернатының «Аққу» студиясы «Қара жорға» биімен ІІІ орын қанжығалады.
Аспаптық орындау – соло номинациясы бойынша «Япурай» халық әнімен №3 арнайы мектеп-интернаты оқушысы Кәусар Тілекқызы ІІ орын иеленді.
Жеңімпаздар Астана қаласында 1 маусымда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен сахнада Гала-концертке қатысып, ол «Хабар» телеарнасы мен «JULDYZAI» қорының YouTube әлеуметтік желісіндегі парақшасында көрсетілді.