Қазақстан мен Корея Республикасы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі жанындағы «Самал жел» жобасы жетекшісінің кеңесшісі Чжу Хен Пэкпен кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы ұзақмерзімді тиімді ынтымақтастықты дамытып, одан әрі нығайтудың жолдары талқыланды. ҚР ИИДМ басшысының орынбасары жолға қойылған екіжақты әріптестіктің тереңдей түсетініне сенім білдіріп, кореялық инвесторларды Қазақстанға келіп, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.
Динара Щеглова Fresh wind («Самал жел») жобасы туралы айта отырып, оның аясында Қазақстан мен Корея арасындағы уағдаластық сәтті іске асырылғанын жеткізді.
Бұл ретте «Самал жел» бағдарламасы жетекшісінің кеңесшісі өз елінің экономикалық әлеуетін таныстыра келе өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, геология, сондай-ақ автожол саласында өзара тиімді ұсыныстарды жеткізді. Бұдан бөлек аталған жобаны жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелер қарастырылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын білдіріп, мемлекетаралық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.