Арлан - «Асыл мұра» жеңімпазы
Биыл Абай облысы үшін айтулы дата – қарадан шығып хан болған, аға сұлтан, дала қайраткері Құнанбай Өскенбайұлының туғанына 220 жыл. Осыған орай Ұлылар мекені атанған Абай ауданында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастырумен этнотуризмді дамыту мақсатында «Асыл Мұра» республикалық халықтық сәндік-қолданбалы өнер байқау-фестивалі өз мәресіне жетті. Бұло байқаудың тағы бәр маңыздылығы креативті индустрияларды дамытудың 2021 - 2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Аудан орталығы Қарауылда өткен байқауға 9 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалалардан баптары келіскен 21 қолөнершілеріміз өзара бақ сынасты. Екі кезеңнен тұрған республикалық байқауымыздың номинация иегерлері мен жүлдегерлері анықталды.
Атап айтқанда «Жоғары шеберлік» аталымының иегері болып, Ақмола облысынан келген Кәрім Бектас атанды. Ал «Жоғары сапа» аталымына Атырау қаласынан қатысқан Мусина Халифа лайық болып танылса, Абай облысының дарынды қолөнершісі Назархан Советхан «Жаңашыллдық» аталымы бойынша үздік шықты.
«Дарынды бастау» аталымы бойынша Ақмола облысының қолөнер шебері Руслан Ашимов, «Төлтума» номинациясының иегері болып, Сыр бойынан келген Гүлнар Анапияева, «Ұлттық мәдени бренд» бойынша Алматының оғланы Жәнібек Мұқажанов үздік атанды. Жеңімпаздардың әрқайсысы 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды. Ал жас шебер Парида Өмірбаева «Қазақстандық ұлттық кәдесый» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
«Асыл Мұра» республикалық халықтық сәндік-қолданбалы өнер байқау-фестивалінің ІІІ орын иегері болып, Шығыс Қазақстанның үмітін арқалаған Кеңшілік Бақыт лайық танылды. Оған 400 000 теңге ақшалай сыйақы табысталды. Алматылық Амангелді Мұқажанов
ІІ орынға лайықты 600 000 теңге ақшалай сыйлық иесі атанды.
«Асыл Мұра» республикалық халықтық сәндік-қолданбалы өнер байқау-фестивалінің І орын иегері болып, Жетісу облысының намысын қорғаған Әбділдаев Мұратхан үздік шықса, (800 000 теңге) халықтық сәндік-қолданбалы өнер байқау фестивалінің Бас жүлдесін Қостанай облысының қолөнершісі Арлан Аңқауов 1 000 000 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.