Қарасеңгір баурайында кіші футболдан ашық чемпионат өтті
Тарбағатай ауылында 2014 жылғы мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен кіші футболдан «TARBAGATAY FOOTBALL CUP» турнирі өтті.
Теңбіл доп бәсекесі мектеп түлектерінің арасында ұйымдастырылды. Оған жиыны 17 команда қатысты.
Аягөз ауданы әкімінің бірінші орынбасары Өмірбек Бекбаев пен Тарбағатай ауылының әкімі Ербол Ережепов мектеп бітіргендеріне 10 жыл толған түлектерді мерейтойларымен құттықтады.
Сондай-ақ, мектеп ұстазы Думан Каримов мұндай ірі жарыс бұрын-соңды болмағанын атап өтті.
Қатысушы команданың көп болуына байланысты таңертең басталған жарыс, күн ұясына кірген сәтке дейін жалғасты.
Тартысқа толы ойынның қорытындысы бойынша бірінші орынды «2017 түлектері», екінші орынды «2002 түлектері», үшінші орынды «2022 түлектері», төртінші орынды «2005 түлектері» иеленді. Ал «Үздік шабуылшы» аталымы Әділбеков Жасұланға, «Үздік ойыншы» аталымы Сансызбаев Нұртайға, «Үздік қақпашы» аталымы Төлеуханов Жұбанышқа бұйырды.
Жеңімпаздарға және үздік ойыншыларға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Турнирдің ұйымдастырушылары жарысқа қатысушыларды құттықтап, алдағы уақытта да осындай спорттық шараларды ұйымдастыруға ниетті екенін жеткізді.