БАӘ-мен еркін сауда туралы келісім жасасу бойынша келіссөздер жалғасуда
А.ж. 12-14 маусым аралығында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында экономикалық серіктестік туралы келісім (еркін сауда туралы келісім) жасасу жөніндегі келіссөздердің үшінші раунды өтті.
Келіссөздер барысында тараптар преференциялық сауда, сауда қорғау шаралары, кедендік ынтымақтастық, электрондық сауда және т.б. мәселелерді қоса алғанда, келісім жобасының әртүрлі тарауларының толтырылуын талқылауды жалғастырды.
Келіссөздер раундының негізгі тақырыптарының бірі тараптардың нарықтарына қол жеткізу бойынша өзекті ұсыныстармен алмасу қорытындылары бойынша одан әрі тарифтік ырықтандыру (импорттық кедендік баждарды өзара төмендету) мүмкіндігін талқылау болды.
«Біз келіссөздердің негізгі кезеңіне келдік. Оның шеңберінде тараптардың экспорттық мүдделерінің негізгі тауарларына бажсыз қолжетімділік талқыланады. Сындарлы көзқарас пен тиісті мәселелерде икемділік танытуға өзара дайындық бізге өзара тиімді уағдаластықтарға қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, бұл өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктерімен сауданың өсуінің драйвері болады» - деп атап өтті Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.
Келіссөздерді бастау туралы шешім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының 2022 жылғы 9 желтоқсандағы отырысы барысында қабылданғанын еске саламыз.
Анықтамалық ақпарат: 2024 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 70,1 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63,4%-ке жоғары (42,9 млн. АҚШ).
Өз кезегінде, Қазақстаннан БАӘ-ге экспорт 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өсіп, 40,7 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстан экспортының негізгі тауарлары күміс, ыстықтай илектелген легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокат және азотты тыңайтқыштар болды.
Қазақстанның БАӘ-ден импорты 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 29,4 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,4%-ке жоғары. Қазақстан импортының негізгі тауарлары сұйық сорғылар, пульттер, панельдер, электр аппаратурасына арналған үстелдер және ұшқынмен тұтанатын іштен жану қозғалтқыштары болды.