Тамара Дүйсенова Үкіметтің медициналық көмек сапасын жақсарту үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын айтып берді
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында депутат Жұлдыз Сүлейменованың сұрағына жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова халыққа медициналық көмектің сапасын арттыру шаралары туралы айтып берді.
Оның айтуынша, Ұлт денсаулығы Үкіметтің ерекше бақылауында. Жұмыс бірден бірнеше бағытта жүргізіледі.
« Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы іске асырылуда. Оның аясында 321 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жалпы ауыл тұрғындары үшін 655 жаңа МСАК нысаны қызмет көрсетеді. Бұдан басқа, халық үшін аудандық ауруханалар, облыстық перинаталдық, ірі республикалық онкологиялық орталықтар мен жедел медициналық жәрдем объектілері пайдалануға беріледі», — деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ вице-премьер аурулардың, әсіресе, өлім-жітімге жиі алып келетін 5 ауру түрі бойынша алдын алуға бағытталған басқару бағдарламасының қайта жаңғыртылғанын атап өтті. Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері жақын арада жұртшылыққа ұсынылады.
Тамара Дүйсенова өз жауабында дәрі-дәрмек мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Оның айтуынша, дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін таңбалау және қадағалау жүйесі енгізілуде. Бұл бағытта дәрі-дәрмек өндірушілермен, дәріханалармен және медициналық ұйымдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
«Саланың қаржылық тұрақтылығы мақсатында облыс әкімдіктерімен бірлесіп медициналық сақтандыру қорын толық цифрландыру және жүйемен қамтылмаған 3,5 млн азаматтың мәртебесін анықтау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.