Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 28,7 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 190 кәсіпорны 11,2 мың жұмыскерге 2,9 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 5,6 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды.
Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 182 ұйғарым берілді және 26,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 9,5 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2,2 млрд теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2024 жылғы 1 шілдедегі деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 549 тексеру жүргізді, оның барысында 5 607 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 4 067; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 485; халықты жұмыспен қамту бойынша – 55.
Жұмыс берушілерге 2 147 ұйғарым беріліп, 276,3 млн теңге сомасына 2 628 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 19,2 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.