Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: «Бірлік керуені» Жамбыл облысынан басталды
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 2 ай уақыт қалды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорт жарысынан бөлек мәдени әрі ғылыми бағдарламаның да қолға алынған. Жылдың ең маңызды оқиғасы саналған Ойындарды қолдауға және жобаны халық арасында насихаттау мақсатында мәдени бағдарлама аясында Жамбыл облысында «Бірлік Керуені» атты аймақты үлкен жоба басталды.
Жамбыл облысы Қордай ауданының Ноғайбай ауылында, Ырғайты өзенінің жағалауында «Бірлік керуені» барысында ұлттық нақыштармен жасалған этноауыл құрылып, 6 киіз үй тігілді. Әр киіз үй өзіндік ерекшелігімен тақырыбына сай безендірілді. Этноауылда қазақтың салт-дәстүрлерінің көрінісі, тарихи жәдігерлер көрмесі, ауданнан шыққан танымал тұлғалардың кітап көрмесі, ұлттық ойындар, көшпелі жабдықтар көрмесі өтті.
Ұйымдастырушылар қазақ күресі, аударыспақ, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан жарыстар өткізді.
Қонақтар ұлттық тағамдар фестивалінде дәм татса, сахна алаңында қазақтың ұлттық әндері мен билерінен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Жамбыл облысының мәдениет қайраткерлері бастаған «Бірлік керуені» жобасы еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылады. Көшпенділер мәдениетінің негізінде құрылған «Бірлік Керуені» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын республика көлемінде сезінуге мүмкіндік береді.