Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі белгілі болды
Бүгін, 11 шілде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекциясы «Alageum Electric» Компаниялар тобымен екіжақты меморандумға қол қойды. Меморандум негізінде «Alageum Electric» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми бас демеушісі болып танылды.
Шараға 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысы Наиль Нұров пен «Alageum Electric» КТ Директорлар кеңесінің Төрағасы Еркебұлан Ілиясов қатысты.
Ұлттық спорт түрлерін қолдау және оларды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жүйелеу мақсатында 2024 жылы «Ұлттық спорт түрлерін қолдау қоры» Қоғамдық қоры құрылды.
«Ұлттық спорт қорының» басты мақсаты: ұлттық спорт түрлерін дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, ұлттық дәстүр мен мәдениетті насихаттау әрі сақтау. Одан бөлек ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстардың сапалы өтуіне, спортшыларға қаржылық және материалдық көмек көрсетуге, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға және даму бағдарламаларын іске асыруға ықпал жасап, ұлттық спорт түрлерін зерттеу және дамыту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару қордың тікелей қызметі болады.
«Alageum Electric» электротехника компаниясы Қазақстан Республикасы Туризм және Спорт министрі Ермек Маржықпаевтың тікелей мұрындық болуымен 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын қолдауға ниет білдірді. Бұл маңызды қадам Компанияның ұлттық спорт түрлерін қолдау және дамыту жолындағы адалдығын, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілігін, тамырына және халықтың тарихи мұрасына деген құрметін көрсетеді.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шарада 89 елден 2000-нан астам қатысушы болады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.