Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен инвестициялық жобалар пулын жаңартты
Қазақстан мен Өзбекстан тараптары ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы желтоқсандағы Өзбекстанға сапары аясында қол қойылған Инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі Жол картасын өзектендірді.
Осы жылдың 2 наурызында Шымкентте өткен кооперациялық жобаларды іске асыру барысына мониторинг пен импортты алмастыру бойынша жүйелі істерді жүргізу жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысында екі ел Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Жамшид Ходжаев жаңартылған құжат бойынша келісті.
Өзектендірілген Жол картасы қазақстандық астықты 1 млн тоннаға дейін терең өңдеу бойынша кластер құруды және «Орталық Азия» ХШЫО аумағында өсімдік майын тазарту жөніндегі жобаны іске асыруды көздейді.
Сонымен қатар инвестициялық пул Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аумағында тоқыма өнеркәсібін дамытуға серпін беретін үш жобамен толықтырылды. Атап айтқанда, Шымкентте қуаттылығы жылына 18 000 тонна болатын мақта-талшықты тоқыма фабрикаларын іске қосу, жылдық қуаты 5500 тонна мақта-талшықты тоқыма кешенін және 2026 жылға дейін Түркістан облысында кезең-кезеңімен іске қосылатын тоқыма кластерін ұйымдастыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы жобаларға көңіл бөлініп отыр.
Сондай-ақ Тараптар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласындағы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалдарын ашу мәселесін жан-жақты пысықтауға келісті.