Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Серік Жұманғарин Абай облысының кәсіпкерлерімен және аграршыларымен кездесті

21-02-2023, 12:04 Думан Кенжеғазыұлы

17-18 ақпанда Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Абай облысында болды. Мұнда вице-премьер шаруа қожалықтарының, сауда-логистикалық және көтерме-тарату орталықтарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесу барысында өзекті мәселелерді талқылады.

«Красный партизан» қожалығы егін шаруашылығымен айналысатын тұқым шаруашылығы. Мұнда 2017 жылы тәулігіне 300 тоннаға дейін астық кептіре алатын кешен іске қосылды, 2021 жылы бұл қуаттылық тәулігіне 1 мың тоннаға өсіп, сақтау көлемі тағы 12 мың тоннаға ұлғайды. Жайылымдық жерлердің жалпы ауданы 12 мың гектарды құрайды.

Серік Жұманғарин шаруа қожалығының құрылтайшысы Валерий Лопатинмен кездесуде шаруашылықтың әрі қарай даму жоспарлары туралы сұрады.

 «Астықты өңдеу жоспарда бар ма? Мысалы, Солтүстік Қазақстанда астықтан глютен, крахмал алынады. Әрине, бұл басқа деңгейдегі инвестициялар, соның есесіне көршілерге тәуелді емеспіз және өткізу нарығы жолға қойылған»,— деді ол. 

Әр шаруашылық қиындықсыз болмайды. Мал шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысатын Петр Лазарев «Лазарев и К» ЖШС-нің шаруа қожалығында жайылымдық жерлердің жетіспеуін дамудың негізгі кедергісі ретінде атап өтті. «Новая Заря» шаруа қожалығында – білікті кадрлар жоқ. 2014 жылы кәсіпорын 400 бас малға арналған сауын алаңы бар мал шаруашылық кешенін пайдалануға берді. Бүгінгі таңда «Новая Заря» шаруа қожалығында 134 адам жұмыс істейді, алайда кәсіпорын басшылығының айтуынша, еңбек ресурстары өте өткір мәселе болып тұр.

«Е. Зайтенов» қожалығында шаруашылықтың кең ауқымы ұсынылған. Кәсіпорын өсімдік, сүтті мал шаруашылықтарымен, өнімді терең өңдеумен айналысады. Күнбағыс, бидай, арпа, сүрлемге жүгері, көпжылдық шөптер өсіріледі. Жалпы жер көлемі  13,1 мың га. қожалықта шұжық пен ірімшіктің түр түрі өндіріліп, сиыр еті мен сүтін өңдеу жолға қойылған. 

«Менің бүгінгі көргенім – өте жақсы, сіздерге шарушалақты кеңейте түсу қажет. Ірімшік цехын ұлғайту маңызды, сүтті терең өңдеу жасап – сүзбе, ірімшікке айналдырып, әсіресе ірімшіктің қатты сорттарын шығару керек. Елімізде ірімшік өндіретін цехтар саусақпен санарлық»,— деді Серік Жұманғарин.

«Северный» сауда-логистикалық орталығында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесінде вице-премьер сатылатын өнімдердің ассортименті мен бағасымен танысты. «Северный» СЛО 2015 жылы ашылып, демалыс күндері аймақтың ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерден тікелей сатып алуға мүмкіндік ашатын жәрмеңкелер өткізетін тұрақты алаңға айналды. Семей тұрғындары мұнда жас ет, сүт өнімдері мен көкөністерді қолжетімді бағамен сатып алуға келеді.

Сондай-ақ сауда және интеграция министрі «JOLAMAN» ірі сауда-логистикалық орталығына барды. Жалпы аумағы 20 га алып жатқан орталықта құрғақ сақтау қоймалары, көкөніс қоймасы, коммерциялық үй-жайлар, заманауи желдету және тоңазытқыш жабдықтармен қамтылған өнім сақтау камералары салынған. Жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын қойманың жалпы сыйымдылығы 5 370 тоннаны құрайды. Қала маңындағы ауылда орналасқан «Приречное» агрофирмасы – Абай аймағындағы ең ірі шаруашылық. Мұнда голланд технологиясы бойынша картоп, басқа да көкөністер мен жемшөп дақылдары өсіріледі және 180 адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Серік Жұманғарин Абай облысының кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен де кездесті. 

«Осы екі күнде мен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының кәсіпорындарына бардым, үлкен жұмыс атқарылғанын көріп отырмын. Біз сіздердің жетістіктеріңізге қуаныштымыз және сіздердің еңбектеріңізге ризамыз. Мемлекеттің алдағы жылдарға арналған ауыл шаруашылығындағы мақсаты – ішкі нарық қажеттілігі толық жабылғанға дейін негізгі азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, ал болашақта – экспортқа шығу»,— деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер министрге форвардтық қаржыландыруға, агроөнеркәсіптік кешендерінің цифрлық жүйе жұмыстарына қатысты бірқатар сұрақтар қойды.

Сонымен қатар кәсіпкерлерді ет өңдеу және сақтау қоймаларына (ет қоймалары) қатысты, несиенің берілуі мен мал басын ветеринарлық тексеруден өткізу мәселелері алаңдатады.

Кездесу және жалпы сапар қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ға облыс кәсіпкерлері көтерген мәселелерді пысықтау үшін бірқатар тапсырмалар берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив