Жарма ауданында грек-рим күресінен І ашық облыстық турнир өтті
Жарма ауданында грек-рим күресінен 2011-2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері Думанбек Данабаевтың жүлдесіне арналған І ашық облыстық турнир өтті.
Жарысқа Аягөз, Үржар, Көкпекті аудандарынан, Өскемен, Семей қалаларынан келген 150-ге жуық жас палуандар қатысып, өзара күш сынасты.
Танымал спортшы және жаттықтырушының құрметіне арналған жарыста жас өрендер грек-рим күресіне деген қызығушылықтарының өсіп келе жатқандығын байқатты.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров қатысып, Думанбек Данабаевқа Жарма жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, Алғыс хат табыстады.
Өз кезегінде спорт саңлағы да жармалықтарға игі тілегін білдіріп, сайыскерлерге сәттілік тілей келе, өңірдің ардагер спортшыларына құрметін танытты.
Жалпы бұл турнир алғаш өтіп отырғанына қарамастан, жоғары деңгейде өтті. Жарыс барысында жармалықтармен қатар Аягөз ауданының жас спортшылары жақсы өнер көрсетті.
Атап айтар болсақ, 24 келі салмақ дәрежесінде үржарлық Асхат Рахат, 27 келіде жармалық жас палуан Ерболат Нұрсәулет, 29 келі салмақта Аягөз ауданынан Аманғали Ислам, 33 келіде жерлесіміз Арнұр Арманұлы, 36 келі салмақта аягөздік Жасұлан Байбосынов, 39 келіде жармалық Әлижан Махмұдұлы, 41 келі салмақта Аягөз ауданынан Наби Жексенбин, 44 келіде Нұрым Рысбек және 57 келі салмақ дәрежесінде Алихан Аманғали топ жарып, жарыс жеңімпаздары атанды.
Жеңімпаз өрендерге бағалы сыйлықтар мен грамоталар табысталып, ұйымдастырушылармен лайықты құрмет көрсетілді.
Тағыда оқыңыз