Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Еңбек министрлігінде аға буынның жағдайын жақсарту мәселелері қаралды

8-08-2024, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) Аға буын өкілдерінің жағдайын жақсарту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Қазақстан мемлекеттік органдары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жоспарларды талқылады.

Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин, БҰҰ-ның Қазақстандағы халық саны саласындағы қорының (ЮНФПА), Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен белсенді ұзақ өмір орталықтарының басшылары қатысты.

Отырыс барысында 2023 жылы аға буын азаматтарының «Белсенді ұзақ өмір сүру» жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындылары қаралды.

«Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша зейнеткерлік жастағы азаматтардың саны шамамен 2 млн 399 мың адамды немесе ел халқының жалпы санының 11,9%-ын құрады. Зерттеу нәтижелері бойынша алдағы 30 жылда Қазақстан халқының жас құрылымы өзгере береді: егде жастағы адамдардың абсолютті және салыстырмалы санының өсуі байқалады», – деп атап өтті Олжас Анафин.

Іс-шаралар жоспары аясында еліміздің әр өңірінде Белсенді ұзақ өмір орталығын ашу көзделді. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша барлығы 92 орталық жұмыс істейді.

«Сондай-ақ, «Қазақстанның аға буыны» статистикалық жинағы жарық көрді. Белсенді ұзақ өмір сүру индексі екі рет есептелді, онда егде жастағы азаматтардың білім деңгейі жоғары, сондай-ақ олардың отбасы ішіндегі әлеуметтік белсенділік түрлеріне, әлеуметтік байланыстарға, дене белсенділігінің жоғары деңгейіне және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға тартылуы байқалады», – деп атап өтті Еңбекмині Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Әбдірахманова.

«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің президенті, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қартаю жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Баян Ахметжанова отырысқа қатысушыларға аға буын өкілдерінің қоғамдағы жағдайы туралы айтып, оны жақсарту бойынша ұсыныстарымен бөлісті.

Сондай-ақ, отырыс барысында «Қарт адамдардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2029 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» бұйрықтың жобасы қаралды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив