Қазақ-өзбек сауда-саттығын нығайту мәселелері талқыланды
Астанада өткен кездесуде Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Құдратов қазақ-өзбек сауда экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің алдағы кездесуі алдында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Қазақстан-Өзбекстан шекарасында құрылған «ХҚКО - Орталық Азия» индустриялдық аймағының жұмысы және Өзбекстанның 2009 жылдағы тауар шығарылған елді анықтау туралы Ережесіне көшу мәселелері талқыланды.
Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-орынды иеленіп отыр. Қазақстанның Орталық Азиямен тауар айналымының 57% -дан астамын құрайды. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4 млрд, АҚШ долларын құрады.
Арман Шаққалиев:
«Таяу уақытта тауар айналымын 5 млрд долларға дейін және орта мерзімді перспективада 10 млрд долларға дейін ұлғайту мақсаты тұрғанын айтты. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі сауда мәселелерін шешу және өсімнің жаңа нүктелерін табу қажет», - деді.
Өзбекстан Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізіп отырған елдер арасында да көш бастап тұр. UZKAZTRADE бірлескен кәсіпорны арқылы 1,6 млн долларға жеміс-көкөніс өнімдері экспортталды. Қазақстан бұл жұмысты бұдан ары жалғастырмақ. Сондай-ақ, тез бұзылатын тауарларды жеткізу мәселесіне басымдық жасалатын болады.
Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Құдратов:
«Өзбекстан 2009 жылғы Ережеге қосылу процесін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл қадам елдер арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін маңызды»- деді ол.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды аспектілерінің бірі - «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы шеңберіндегі шекара маңы ынтымақтастығы болып табылады. Кездесу барысында тараптар индустриялдық аймақты құрудың ағымдағы жай-күйі туралы ақпаратпен бөлісті және оны іске асыратын жобаның айқындалғанын хабарлады.
Тараптар осы жылдың қыркүйек айында «ХҚКО - Орталық Азия» индустриялдық аймағында жобалардың тұсаукесерін ұйымдастыруға келісті.