Абай облысының ақсақалдары бата сайысында бақ сынасты
14 тамыз Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Ақ бата – асыл мұра» атты облыстық бата сайысы ұйымдастырылды. Сайыста облысымыздың қалалары мен аудандарынан келген 11 алқалы ақсақалдары бақтарын сынады.
Қатысушылар үш кезең бойынша іріктелді. Алғашқы кезеңде бата түрлері бойынша: жас отау құрған жастарға, сапарға шыққанда айтылатын, нәрестеге, халыққа, шаңыраққа, көпшілікке берілетін және басқа да баталарды жатқа айтса, екінші кезеңде салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезеңде әр қатысушы көпшілікке өзінің дайындап келген ақ батасын берді.
Ақсақалдар арасындағы облыстық бата сайысында этнограф, шежіреші Молдабек Жанболатов, ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері Арап Еспенбетов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Абай облыстық филиалының төрағасы Оралғазы Шәріпбаев төрелік етті.
Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен І орынға Семей қаласының қариясы Мұхамадиев Мұхамедқазы лайық деп танылды. Екінші орын Абай ауданының ақсақалы Әбілқасымов Оразғазыға берілсе, үшінші орынды Мақаншы ауданан келген Жұмағазы Қалиев иеленді.