Қазақстандық көкпаршылар көкбөрі ойынына дайындалып жатыр
Алдағы қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қазақстандық көкпаршылар Алматы облысында көкпар және көкбөрі ойындары бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Көкпардан ұлттық құрама мүшесі Наурызбай Қалтаев байрақты бәсекеге дайындық жайлы және көкпар мен көкбөрінің айыырмашылықтары турасында айтып берді.
Көкбөрі сайысы бойынша әр командадан 12 қатысушы болады. Спортшылардың дайындығы үшін Көкпар федерациясы тәжірбиелі кеңесшілерді тартқан. Оқу-жаттығу жиындары ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Еске сала кетейік, Республикалық «Көкпар» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Бәйге», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.