Абай облысында білім беру жүйесін цифрландыру талқыланды
Абай облысында аймақтың білім беру жүйесін цифрлық трансформациялаудың жаңа кезеңін белгілеген «DIGITAL ABAI: ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ» атты педагогтердің тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті.
Сессия аясында цифрлық көрме өтіп, онда студенттер мен мектеп оқушыларының стартап жобалары, STEAM білім беру саласындағы әзірлемелер, сондай-ақ ыңғайлы және қауіпсіз цифрлық оқыту ортаны құрудың жаңа тәсілдері ұсынылды. Шара 530 қатысушының басын қосты.
Аймақ басшысы облыста жастарды қолдау мақсатында IT саласындағы бірыңғай коммуникациялық кеңістік – «Abai IT-Valley» құрылып, табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта болашақ мамандарды дайындайтын ІТ колледжін ашу жоспарлануда. Колледж ең жоғары талаптарға сай заманауи оқу құралдарымен жабдықталмақ. Осы тұрғыда үздіксіз оқытуды қалыптастыру үшін Заря ауданындағы жаңа мектепте IT бағытына басымдық беріледі. Ерекше балалар үшін жағдай жасауға, оның ішінде аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталық ашуға да айрықша көңіл бөлінеді. 2023 жылы Семей қаласында инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылды.
Сонымен қатар, балаларға арналған қосымша білім беру нысандарының құрылысы негізгі мәселелердің бірі. Осы мақсатта облыс орталығында көпсалалы оқушылар сарайының құрылысы басталды.
Пленарлық отырыста білім беруді цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылар сөз сөйледі. Жиында болашақта өңірдің білім беру мекемелерінде іске асырылатын тәжірибе алмасу және нақты шешімдер талқыланды.
Шара барысында 2023-2024 оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдары мен ұстаздарға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен 6, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен 8, «Еңбек ардагері» медалімен 5 педагог марапатталды. Сондай-ақ, 10 мұғалім облыс әкімінің Алғыс хаттарын алды.
Тамыз кеңесі ертең секциялық жұмыстармен жалғасады. Секциялық жұмыстар мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар, жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне интеграциялау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі цифрландырудың қазіргі басымдықтары, ауылдық мектептерде оқыту процесін цифрландыру, цифрлық мектеп, педагогтердің цифрлық құзыреттіліктерін дамыту, цифрландыру жағдайында инклюзивті білім беру, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы цифрландыру, балаларға қосымша білім беруде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану, цифрландыру жағдайында тұрақты даму компонентін білім беру мазмұнына интеграциялау сынды 10 бағытты қамтиды.