Еңбекминінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) ведомство басшысы Светлана Жақыпованың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша республикалық кеңес өтті. Республиканың барлық өңірлерінен келген Еңбек министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мемлекеттік еңбек инспекциясын орталық деңгейге беру, жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау, атаулы әлеуметтік көмекті реформалау және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
Кеңеске вице-министрлер, аппарат басшысы, комитеттер, департаменттер, сондай-ақ Еңбекмині ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, әкімдердің орынбасарлары, облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, Еңбек мобилділігі орталықтарының басшылары қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов кеңеске қатысушыларды еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту, мемлекеттік еңбек инспекцияларының қызметі және оларды Еңбекминінің қарамағына беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов жұмысының тиімділігіне негізделген еңбек мобильділігі орталықтары мен мансаптық орталықтар қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу туралы айтты. Осы мәселе бойынша қосымша баяндаманы Түркістан облысының ЖҚҮӘББ басшысы Әсия Темірбаева жасады, ол осы жылдың 7 айында халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлады.
Мемлекет басшысының азаматтардың шығыстарын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасын іске асыру туралы Еңбекмині Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Әбдірахманова айтып берді.
Вице-министр Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен Инклюзивті саясат тұжырымдамасы туралы хабардар етті. Қосымша баяндамашы, Шығыс Қазақстан облысының ЖҚҮӘББ басшысы Альмира Мусина арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының жұмысын цифрландыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы баяндады.
Кеңесті қорытындылай келе, Светлана Жақыпова бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті әлеуметтік шиеленістер мен еңбек дауларын болдырмау үшін жалақы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша берешек көрсеткіштерінің тұрақты мониторингін жалғастыруы қажет.
27 тамызға дейін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен аумақтық бөлімшелерді тіркеу, құрылымды, штат кестесін, біліктілік талаптарын бекіту жөніндегі барлық рәсімдер аяқталуы тиіс.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып, тұрақты жұмысқа орналасуға баса назар аудара отырып, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларынан, ЖҚҮӘББ басшыларынан бұл мәселені жеке бақылауға алуы тиіс.
Бұл ретте ақша қаражаты ағындарының ашықтығы үшін жалақының субсидияланатын бөлігін төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы төлеуге толық ауысуын қамтамасыз етуді сұраймын.
Барлық өңірлер «Еңбек нарығы» және «1С-бухгалтерия» ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз етуі қажет. Жұмысты осы жылдың 10 қыркүйегіне дейін аяқтауды сұраймын», – деді министр.
ЕХӘҚМ басшысы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды тиімді іске асыру үшін ортақ күш-жігер жұмсау қажеттілігін атап өтті.
Осыған байланысты Светлана Жақыпова Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетіне Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп медициналық-әлеуметтік сараптаманы трансформациялау мәселелері бойынша пилоттық жобалар бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын лицензиялауға әзірлікті қамтамасыз етуі қажет. Орталықтардың қызметін цифрландыруға, сондай-ақ оларды біліктілік талаптары мен қолданыстағы стандарттарға сәйкес келтіруге ерекше назар аударуды сұраймын.
Инклюзия департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп Инклюзивті саясат тұжырымдамасының уақтылы қабылдануын қамтамасыз етсін.
Облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарлары, ЖҚҮӘББ басшылары өңірлерде тұжырымдаманы белсенді ілгерілетуді және орындауды қамтамасыз етсін», – деп түйіндеді министр.