Қазақстандық садақшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін алаңда жаттығып жатыр
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшылары осы күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына деген дайындықтарын қыздыра түсті. Садақшылар дүбірлі додада сайыс өтетін алаңда, яғни «Қазанат» ипподромында шеберліктерін шыңдап жатыр.
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама бас бапкері Диас Ахметовтің айтуынша, бүгінде ДКО аясында өтетін дәстүрлі садақ ату сайысына қатысуға 35 мемлекеттен өтініш түскен.
Көшпенділер ойындарына деген дайындықтары жайлы дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшелері де айтып берді.
Еске сала кетейік, Республикалық «Дәстүрлі садақ ату» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.