Қазақстан Елшісі Финляндия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды
Қазақстанның Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндия Президенті Александер Стуббқа сенім грамоталарын табыс етті. Салтанат Президент сарайында өтті.
Кездесу барысында А. Әбдіраимов Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының өзекті мәселелерін, Орталық Азия елдері ынтымақтастығының дамуын атап өтті, сондай-ақ Финляндия Президентін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды реформалар туралы хабардар етті.
Тараптар саяси диалогтың қазіргі жай-күйін, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң серпінін және елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюын жоғары бағалады. Кездесу барысында екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдету және кеңейту, оның ішінде көлік-логистика, су ресурстарын басқару, орман шаруашылығы және технологиялар трансфері салаларындағы перспективалар қарастырылды.
Қазақ дипломаты Суоми Қазақстанның Солтүстік Еуропа өңіріндегі негізгі әріптесі екенін атап өтіп, ынтымақтастықтың барлық векторлары бойынша белсенді өзара іс-қимылға дайындығын растады. Ол екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және дамытуға ұмтылысын білдірді.
Финляндия Президенті Қазақстан Елшісін дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, қазақ-фин қатынастарын одан әрі нығайту бойынша жұмыстарына табыс тіледі.