Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
478.93 534.96 5.16

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Moody’s рейтинг агенттігінің сарапшыларымен кездесті

21-08-2024, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Халықаралық «Moody’s» рейтинг агенттігінің өкілдері Қазақстанға елдің инвестициялық ахуалын бағалау мақсатында келді. Сапар аясында агенттік сарапшылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровпен, СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловпен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мәдияр Сұлтанбекпен кездесті. Кездесу барысында тараптар инвестиция саласындағы орта мерзімді болжамдарды, инвестицияларды бағалау критерийлерін және Қазақстанның халықаралық стратегиялық серіктестігін талқылады.

Ә. Қуантыров агенттік өкілдеріне инвестициялық ахуалды жақсарту жоспарлары туралы айтып берді: «Қазақстанның ЭЫДҰ-ға кіруі серпін беруі мүмкін, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық саясатын ұйымның жоғары стандарттарына сәйкестендіретінін білдіреді. Қазақстан қазірдің өзінде индустрияландыру және цифрландыру бағдарламаларын қоса алғанда, бірқатар экономикалық реформалар мен жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда маңызды рөл атқарады және Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуы оны инвесторлар үшін тартымды етеді. 2017 жылдан бастап біз ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің «ассоциативті мүшесі» болып табыламыз».

Өз кезегінде Ғ. Оспанқұлов агенттік өкілдерін инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның қызметі туралы хабардар етіп, перспективалы салаларға егжей-тегжейлі тоқталды: «Қысқа мерзімді перспективада негізгі назар мұнай-газ және тау-кен секторларына аударылуы керек, ал орта мерзімді перспективада жасыл энергетикаға, инновацияларға және өндірістік салаларға көңіл бөлу қажет».

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып және ағымдағы экономикалық болжамдарды ескере отырып, Қазақстан экономиканың негізгі секторларын сәтті дамытуға толық мүмкіндікке ие.

Бұған дейін, 2023 жылдың қазан айында агенттік Қазақстанның болжамын «тұрақты» деңгейінен «оң» деңгейіне жақсартты, елдің суверенді кредиттік рейтингін «Baa2» деңгейінде растады.

Moody’s халықаралық рейтинг агенттіктерінің үздік үштігіне кіреді және кредиттік рейтингтерді беру, тәуекелдерді талдау және басқа да аналитикалық зерттеулер жүргізумен айналысады, олардың көмегімен 110-нан астам егеменді мемлекеттің борыштық міндеттемелері бақыланады.

Эмитенттің кредиттік рейтингі – мемлекеттің төлем қабілеттілігін бағалау, ол Қазақстанға инвестициялық тәуекелдерді бағалаудағы сенімділік деңгейін арттыруға, елдің жаһандық экономикалық аренадағы позициясын нығайтуға және халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Эмитенттің жоғары кредиттік рейтингі сондай-ақ ESG стандарттарына немесе әлеуметтік жауапты инвестицияларға сәйкестікті көздейді. Бұл инвестициялау принципі қаржылық пайда ғана әкелетін емес, сонымен бірге ұзақ мерзімді тұрақты дамуға ықпал ететін жобаларды, экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік факторларды ескере отырып, басымдыққа ие етеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив